"Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Ортағаш ауылының орта негізгі мектебі" коммуналдық мемлекеттік  мекемесі
Коммунальное государственное учреждение  "Основная средняя  школа села Ортагаш отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области"

СоцСети

 

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Өзін - өзі тану пәні бойынша сабақ жоспары

05.01.2020

Мектеп: Ортағаш негізгі мектебі   Мерзiмі:  

Тақырып:  «Мақтану - мақтаншақтық емес»

Құндылық:  Ішкі тыныштық

Қасиеттер: сенімділік, шыдамдылық, байсалдылық

Мұғалiм:  Сызкен Жансая Маралбекқызы  

Сынып: 3  Оқушылар саны: 8

Сабақ мақсаты: «Жаным толған жақсылық » тақырыбын түсіндіру арқылы ішкі тыныштық құндылығыныңмәнін ашу

Міндеттері:

- оқушыларды байсалдылыққа үйрету;

-  сенімділік қасиетін дамыту;

- шыдамдылыққа  тәрбиелеу.

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)

Оқулық;

Дәптер;

Күнделік;

Қалам)

Сабақ барысы:

 1.Ұйымдастырукезеңi: Сәлемдесу. 

Оқушыларды түгендеу .

 Оқу құралдарын әзірлеу: сабаққа назар аударту.

Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену».

(3 мин) (Оқушылардан шеңбер құрып отыруды, қолдарын тізесіне немесе үстел үстіне қоюды, аяқтарын айқастырмауды өтініңіз. Арқаларын тік ұстауын қадағалаңыз. Жайлы, баяу музыка қойыңыз).

Мұғалім: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет  терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды  шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің  қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз  нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз  тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Рахмет.  

(Бірнеше оқушылардан алған әсерлері туралы сұрау)

2. Үй тапсырмасын тексеру. (3 мин)

Оқулықтың  104 - бетіндегі «Алтынмүйіз» ертегісін оқып  келуге берілген болатын.

    Ертеде бір кедей болыпты. Оның жалғыз сиыры бар екен. Бір күні сиыры бұзаулайды. Оның бұзауы ерекше,  кіп-кішкене алтын мүйізді болып туады. Она Алтынмүйіз деп атайды.

   Кедейдің қуаныштан есі шығады. Оған жаңа қора салады. Сүтке тойғызып, көк шөп береді.

    Ауыл арасынды : «Бұл тегің емес, қасиетті бұзау» деген сөз тарай бастайды. Кейбіреулер киелі жануар ретінде бұзауды пір тұта бастайды.

   Бір күні Алтынмүйіз енесімен еріп су ішуге көлге барады. Содан алғаш рет өзінің көлдегі бейнесін көреді. Мүйізі жарқырап, түгі жалт-жұлт етіп тұр. Маңында кілең бір ап-арық, сұрықсыз сиыр.

    Содан Алтынмүйіз: «Сиырлар менің теңім емес. Бұлар менің сұлулығымды бұзады. Одан да жылқыларға барайын. Олар әлдеқайда сұлу ғой» деп ойлайды.

   Сөйтіп, ол өз табынын тастап, жылқыға келеді. Жылжып жаз өтеді. Қыс түспес бұрын Алтынмүйізді иесі қыстауға айдап келеді. Алайда мақтаншақ ол жылқыға қайта қашып кетеді.

   Қақаған қыс түседі. Қатып қалған қардың астынан шөп тауып жей  алмай Алтынмүйіз әбден қиналады. Байғұс торпақ құрайдың басы мен ебелекті қорек етеді. Ашығады, әбден арықтайды. Жылқы өмір бойы жату дегеннің не екенін білмейді. Ал сиырға жату , күйіс қайыру керек. Аш Алтынмүйіз қар үстінде жатып, жылы қорасын аңсайды. Таң атысымен өз табынына қайтуды ойлайды.

    Алайда сол түні жылқыға қасқыр шабады. Жылқы топталып қасқырлардан қашып кетеді. Жалғыз Алтынмүйіз артта қалады. Оған қараңғыда шоқтай жанған көп от көріне бастайды. Ол аш қасқырлардың көзі еді. Алтынмүйіз қасқырларға мүйізін төсеп, өзі артымен бір биік жартасқа қарай шегіне береді. Қасқыр жан –жақтан қамағанда ол жартастың ұшар басында тұрған болатын. Ол өмірінде бірінші рет «М – ө – ө !» деп ышқына мөңіреп төмен ұшады.

   Оның мөңірегенін жылқышылар естіп, қасқырдан айырып алады. Алтын мүйізізінің орнында қан қатқан екі нүкте ғана қалған болатын.

   Алтынмүйіз ақыры өз қорасына оралады. Ол енесін көргенде мұңын шаға мөңірейді. Енесі торпағының жанына келіп, маңдайынан жалайды.

   Міне, осылайша мақтаншақ бұзау өз түбіне өзі жете жаздайды. Оның алтын мүйізі жұрттың есінен мүлде шығып та кетеді. Ал торпақ өсіп, өз иесіне адал қызмет етеді.

 Талқылау сұрақтары:

1. Бұзау неліктен «Алтынмүйіз» атанды?

2. Алтынмүйіз қандай қиындықтарға тап болды?

3.  Алтынмүйіздің  бойынан қандай қасиетті байқадыңдар?

4. Мақтанған кезің болды ма?

5. Сен өзіңді не үшін мақтар едің?

Сабақ барысын талдау:

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3. Дәйексөз: (3 мин)

«Мақтаншақ кісі – менмен кісі,

Менмендік – адамның міні »

                                                  Ж. Аймауытов 

Дәйексөзді қалай түсінесіңдер

(Дәйексөзді әуелі ұлдарға 1 рет, қыздарға 1  рет айтқызамын)

Оқушыларға хормен оқыту;

Оқушылардан дәйексөздің мағынасын қалай түсінетіні сұралады;

Дәптерге жаздырылады;

 Дәйек сөздің авторы жайлы қысқаша мәліметті мұғңалім баяндайды.

4. Мұғалімнің сыйы  «Мақтаншақ қыз » бейнеролигі (15 мин)

Бейнеролик бойынша сұрақтар:

1. Бибігүл қандай қыз?

2. Өзінің мақтаншақтығының кесірінен қандай жағдайға тап болды?

3. Бибігүлдің бойына қандай қасиет жетіспейді?

4. Ата – анаң сені мақтан тұтатын қандай қасиетің бар?

 

5. Шығармашылық  жұмыс.  (10 мин)     

 Оқушылар өз жетістіктерін орынды мақтана білуге дағдыландыру үшін тапсырма беріледі. «Жарнама» ойыны. Оқушылар 2 топқа бөлінеді. 5 минут дайындыққа беріледі.

I-топ. Достарын жарнамалайды.

II-топ. Жетістіктерін жарнамалайды.

Дәптермен жұмыс

Оқушылар мақтан тұту және мақтаншақтық сөздерінің айырмашылығын  ажыратып жазады.

 

6. Топпен ән айту(Оқушылар орындарынан тұрып әнді орындайды.) (3 мин)

«Ертегілер» әні

Ғажайып түс көрдім,
Таң ата мен бүгін.
Ертегі әлемнің қызығында жүрдім.
Нұрына шомылдым бүгін.
Жұлдыз, айы – көркем,
Әдемі еді неткен!
Құстары сөйлейді,
Бұлттар тербейді,
Мен оянып кеттім, әттең!
 
[Қайырмасы]
Ертегілер, ертегілер,
Неге мені ертпедіңдер?!
Әлемдеріңнің ғажап күйін
Шертпедіңдер, сендер...
 
Гүлдерден, бұлттардан,
Әр гүлде бір арман.
Таусылмайтын тәтті,
Сый әкеліп жатты
Жан біткеннің бәрі маған. 
[Қайырмасы]

 

7. Үй тапсырмасы.

1. Оқулықтың 109- бетіндегі «Сары тауық пен балапандары » әңгімесін оқу.

 

  1. Соңғы тыныштық сәтi. (2 мин)

Мұғалімнің сөзі:

-Көзімізді жұмып, бүгінгі сабақта көрген, естіген жақсы сөздер мен қасиеттерді жүрегімізде сақтайық.

Тыныштықта отырып, көзімізді ашайық.

Бүгінгі керемет сабақ үшін барлықтарыңызға көп рахмет!

Баяу ән қойылады.

 

Просмотров: 398


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст